Ақерке Берлібай PR және медиа мамандары қауымдастығының жаңа төрайымы болып сайланды

03.09.2025 05:38 • 372 просмотров

Ақерке Берлібай PR және медиа мамандары қауымдастығының жаңа төрайымы болып сайланды
Астанада PR және медиа мамандары қауымдастығының отырысы өтті. Оның аясында ұйымның жаңа төрағасын сайлау бойынша дауыс беру жүргізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Ақерке Берлібай APRM-нің жаңа төрайымы болып бірауыздан сайланды. «Қауымдастықты басқару – мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Бүгінгі күні мамандарды біріктіру, кәсіби қауымдастықты күшейту, стандарттарды қалыптастыру және ашықтық пен этикалық коммуникация мәдениетін дамыту аса маңызды», – деп атап өтті жаңа төрайым. Оның айтуынша, Қауымдастықтың мақсаты – коммуникация саласы мамандарының кәсіби рөлін нығайту, олардың үдерістерге ықпалын күшейту және реформалар мен медиасаясатта саланың жүйелі қатысуын қамтамасыз ету. Қауымдастықтың есігі бұл құндылықтарды қолдайтын барлық жанға ашық. «Саланың болашағын бірлесіп қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға және дамуға ұмтылатын мамандарды қатарымыздан көргенімізге қуанышты боламыз», – деді Ақ. Берлібай. 🡣 Ақерке Берлібай – PR-технолог, ICBT бизнес-тренері, коммуникациялар жөніндегі коуч (CPD/ICU/ICTA), педагогика ғылымдарының магистрі, психолог-педагог. PR және медиа мамандары қауымдастығының тең құрылтайшысы әрі Communix агенттігінің бас директоры. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы стратегиялық және дағдарысқа қарсы коммуникациялармен, GR және digital PR саласымен айналысып келеді. Бұған дейін Ақерке бірқатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда баспасөз қызметінің жетекшісі және баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалында, ҚР ИИДМ Қазақстан индустрияландыру институтында, Н.Назарбаев қорында, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және басқа да ұйымдарда еңбек еткен. Сондай-ақ мемлекеттік органдар, әкімдіктер, халықаралық ұйымдар мен бизнес үшін PR-жобаларды жүзеге асырды. Сонымен қатар, жаңа төрайым APRM-нің көпшілік коммуникациялар бойынша тренері ретінде де танымал. Ол 15 жылдан астам уақыт бойы басшылар мен мамандарды тиімді сөйлеу, келіссөз жүргізу, БАҚ-пен жұмыс және беделді басқару дағдыларына үйретіп келеді.