Алматыда APRM ұйымдастырған стратегиялық воркшоп өтті

25.02.2026 09:24 • 31 просмотров

Алматыда APRM ұйымдастырған стратегиялық воркшоп өтті

Алматыда алғаш рет PR және медиа мамандары Қауымдастығы (APRM) ұйымдастырған стратегиялық воркшоп өтті. Жиынға 70-тен астам тәжірибелі маман — баспасөз қызметтерінің жетекшілері, медиаменеджерлер, PR-директорлар және коммуникация саласының сарапшылары қатысты.

Бұл кездесу Қазақстандағы PR саласының болашағын айқындауға бағытталған мазмұнды әрі ашық кәсіби диалог алаңына айналды. Қатысушылар саланың даму үрдістерін талқылап, бірыңғай стандарттарды қалыптастыру мен кәсіби институтты нығайтудың маңызын атап өтті.

APRM төрайымы Ақерке Берлібай Қауымдастықтың миссиясына тоқталып, кәсіби ортадағы бірліктіңрөліне ерекше тоқталды:

«Қазақстандағы PR саласы жаңа кезеңге аяқ басты. Бүгінгі міндет — тек тәжірибе алмасу емес, кәсіби институттың берік негізін қалыптастыру. Ол тек нақты стандарттар, айқын этикалық қағидаттар және жұмыс сапасына ортақ талаптар арқылы жүзеге асады. Қауымдастық осы бағытта кәсіби мамандарды біріктіріп, саланың жүйелі дамуына жағдай жасап отыр».

Воркшоп барысында қатысушылар Қауымдастықтың қызмет нәтижелері, құрылымы, комитеттердің жұмыс бағыттары және 2026 жылға арналған стратегиялық басымдықтарымен танысты.

Бағдарламаның өзегі болған «6 арал» фасилитациялық сессиясы кәсіби қауымдастықтың даму бағыттарын тереңінен талқылауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда:

➢ кәсіби стандарттарды жетілдіру;

➢ этикалық қағидаттарды жүйелеу;

➢ салалық зерттеулер жүргізу;

➢ мамандықтың мәртебесін арттыру және институционалдық негізін қалыптастыру;

➢ медиа саласымен тиімді өзара іс-қимыл орнату;

➢ PR саласының бірыңғай кәсіби мәдениетін дамыту мәселелері көтерілді.

Қатысушылар топтық жұмыс форматында әр бағыт бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, бастамаларды пысықтады. Кездесудің нәтижесінде қалыптасқан жұмыс бастамалары APRM-нің алдағы стратегиялық даму жоспарында ескерілмек.

«Бастамалардың тәжірибелі мамандардың өзінен туындауы — аса маңызды. Бұл — теориялық пікірталас емес, нарықтың кәсіби жүйелілікке және ортақ қағидаттарға деген нақты сұранысы», — деп атап өтті воркшопқа қатысушылар.

PR және медиа мамандары Қауымдастығы салалық сарапшыларды біріктіруді, кәсіби стандарттарды әзірлеу мен енгізуді, PR-қоғамдастықтың мүдделерін қорғауды және Қазақстанда ашық, сенімді әрі тұрақты коммуникациялық ортаны қалыптастыруды жалғастыруға ниетті.