11.02.2026 05:52 • 51 просмотров
Астанада PR және медиа саласы кәсіби мамандары қауымдастығының (APRM) үшінші кездесуі өтті. Іс-шараға саланың 80-нен астам маманы жиналды. Кездесу барысында Қауымдастықты дамыту жоспарлары, сондай-ақ кәсіби және этикалық стандарттарды әзірлеу, PR саласындағы зерттеулер жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, PR мамандарының тізілімін құру және басқа да бастамалар таныстырылды.
APRM төрайымы Ақерке Берлібай Қауымдастықтың 2026 жылға арналған жоспарларын таныстырып, кәсіби қауымдастықты дамытудың негізгі бағыттарын атап өтті.
«Осы жазда біз мықты сарапшыларды тарта отырып, терең мазмұнды үлкен жазғы мектеп өткізуді жоспарлап отырмыз — бұл бір реттік дәріс емес, толыққанды, тәжірибеге бағытталған оқыту болады. Күзде PR және медиа саласы кәсіби мамандары қауымдастығының форумын өткіземіз, ол пікірталас пен тәжірибе алмасуға арналған флагмандық алаңға айналады. Сонымен қатар, жыл бойы қауымдастық мүшелерін белсенді тарту және ел бойынша жүйелі жұмыс құру мақсатында өңірлерге сапарлар жоспарланған. Қауымдастықтың келесі ірі іс-шарасында өзіміздің брендтік өнімдеріміз (мерч) де таныстырылады», — деп атап өтті Ақерке Берлібай.
Кездесудің жеке бір бөлігі халықаралық ынтымақтастыққа арналды. APRM Кеңесінің төрайымы Елена Пак Халықаралық қоғаммен байланыс қауымдастығымен (IPRA) келісімге қол қойылғанын хабарлады. Бұл қазақстандық мамандарға жаһандық кәсіби желіге, білім беру бағдарламаларына және халықаралық салалық тәжірибелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«IPRA-мен ынтымақтастық халықаралық тәжірибелерге, білім беру бағдарламаларына және коммуникация саласындағы жаһандық кәсіби желіге жол ашады. Біз бұл мүмкіндіктерді белсенді пайдалануды, сондай-ақ қауымдастық мүшелерін дамыту және APRM-нің халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыру үшін басқа да халықаралық ұйымдармен серіктестік орнатуды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Елена Пак.
Кездесу аясында Қауымдастықтың алдағы жылға арналған негізгі салалық бастамалары таныстырылды:
PR кәсібінің мәртебесі мен беделі жөніндегі комитет (жетекшісі — Айнұр Жұмаділова) ұйымдар мен нарық аясында баспасөз қызметтерінің рөлін және өкілеттіктерін нығайтуға басымдық береді. Негізгі міндеттердің қатарында мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ PR агенттіктері үшін үлгілік құрылымдар мен ұсынылатын штаттық санды әзірлеу, PR директорлары үшін KPI жүйесін қалыптастыру және салалық өзара іс-қимылды дамыту бар.
Медиа және қоғаммен өзара іс-қимыл комитеті (төрайымы — Әлия Оразымбетова) PR мамандары мен БАҚ арасындағы диалогты дамытуға, білім беру және кәсіби бағдарламаларды іске қосуға, медиакеңістікте саланың сарапшылық қатысуын күшейтуге және салалық іс-шараларға серіктестік форматтарын кеңейтуге бағытталады.
Коммуникациялар саласындағы зерттеулер мен талдау комитеті (жетекшісі — Айнұр Исқақова) Қауымдастық мүшелері үшін тиімділік көрсеткіштері, өлшеу қағидаттары мен этикалық нормаларды қамтитын бірыңғай базалық зерттеу стандартын қалыптастыруға назар аударады. Жоспарда медиатұтыну, коммуникациялық арналарға деген сенім деңгейі және коммуникациялардың тиімділігін бағалау бойынша 2–3 салалық зерттеу жүргізу, сондай-ақ тұрақты аналитикалық дайджесттер жүйесін іске қосу бар.
Этикалық нормалар және өзін-өзі реттеу комитеті (төрайымы — Салтанат Әскербекқызы) PR және медиакоммуникациялар этикасының кодексін әзірлеумен, өзін-өзі реттеу тетіктерін енгізумен, бедел институтын қалыптастырумен және этикалық нормаларды қолдану тәжірибесін талдаумен айналысады.
Кәсіби құзыреттер мен стандарттар комитеті (төрайымы — Олеся Колесиниченко) саланың кадрлық әлеуетін дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеуге, сондай-ақ нарықтың ашықтығын арттыру және кәсіби стандарттарды нығайту мақсатында мамандар мен агенттіктердің тізілімін қалыптастыруға көңіл бөледі.
Іс-шара соңында қатысушыларға APRM мүшелігін растайтын сертификаттар табысталды. Сертификаттың түпнұсқалығын Қауымдастықтың ресми сайтындағы арнайы бөлімде жеке ID-нөмір арқылы тексеруге болады.
Бүгінде APRM мемлекеттік органдардан, ұлттық және жеке компаниялардан, агенттіктерден және тәуелсіз практикадан 300-ден астам PR маманын біріктіреді. Қауымдастық Қазақстандағы коммуникациялар сапасын арттыра отырып, саланың кәсіби инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып, бірыңғай жұмыс стандарттарын қалыптастырып, халықаралық байланыстарды күшейтіп келеді.