06.11.2025 18:39 • 66 просмотров
АСТАНА – 6 қарашада Astana Media Week аясында APRM ұйымдастырған «Сенім дағдарысы – бұл коммуникацияның жаңа дәуірі ме?» атты панельдік сессияда PR, медиа және бизнес өкілдері қоғамдық сенімнің заманауи коммуникациядағы рөлін, оны қалпына келтіру жолдарын және қоғам, билік пен бизнес арасындағы байланысты нығайтудағы PR-дың маңызын талқылады.
APRM сарапшылары сенімнің қазіргі коммуникация кеңістігінде «жаңа валютаға» айналғанын атап өтті.
«Бүгінде сенім – сатып алуға келмейтін басты құндылық. Оны жарнама да, қыруар бюджет те қамтамасыз ете алмайды. Қоғам сөз бен істің алшақтығын тез байқайды. Сенім – бұл қоғамның бизнеске ашықтық, жауапкершілік пен адалдық үшін төлейтін ақысы іспетті. Егер оны жоғалтсаң, ешқандай маркетинг көмектеспейді», – деді Freedom Ticketon компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелді.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова өз сөзінде жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен тікелей байланыс орнату арқылы сенімді қалыптастыруға тырысатынын жеткізді.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев: «Бүгінде шындық – өте қымбат құндылық. Қоғамдық сенімге төнетін ең үлкен қатердің бірі – жалған ақпараттың таралуы», – деп атап өтті. Оның айтуынша, осы бағытта ІІМ ашықтықты қамтамасыз ету үшін мобильді қосымшалар, онлайн сервистер және басқа да цифрлық құралдарды белсенді пайдаланып келеді.
Талқы барысында БАҚ рөлі де ерекше аталды. Lada.kz медиаресурсының медиаменеджері Бағлан Айдашов өз тәжірибесімен бөлісті: «Бізді күн сайын 150 мыңға жуық адам оқиды. Оның 20% – Маңғыстау облысының тұрғындары. Бұл – өте талапшыл аудитория. Сенімге ие болу қиын, ал оны сақтау – одан да қиын. Дегенмен, біз осы сенімді ақтап келеміз. Күн сайын 20-40-қа дейін ұсыныс пен өтініш аламыз – бұл оқырман сенімінің айғағы», – деді ол.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров сенім дағдарысы – жаһандық құбылыс екенін және Қазақстан да бұл үрдістен тыс емес екенін атап өтті. Сонымен бірге, еліміздің халықаралық әріптестер мен инвесторлар тарапынан жоғары сенімге ие екенін жеткізді.
«Соңғы 30 жылда Қазақстан 474 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты – бұл Орталық Азиядағы жалпы көлемнің 42%-ы. Мұндай нәтижелер тек сенімнің арқасында мүмкін болды. Алпауыт корпорациялар тарапынан сенім болмаса, мұндай инвестициялар мүмкін болмас еді. Бұған қоса, Қазақстан әлемдік көшбасшылардың қатысуымен өтетін ең ірі саммиттер мен съездердің алаңына айналды. Ал жетекші рейтинг агенттіктері еліміздің дәрежесін тұрақты түрде растап келеді. Олардың бағасын сатып алу мүмкін емес.», – деп түйіндеді Смадияров.
Сессия барысында Қазақстанда алғаш рет ұлттық қоғамдық сенім индексі – Kaz Trust Barometer таныстырылды. Жоба әлемдік Edelman Trust Barometer зерттеуінің әдістемесіне сүйене отырып жасалған және қоғамның билікке, бизнеске, медиа мен үкіметтік емес секторға деген сенім деңгейін тәуелсіз әрі кәсіби тұрғыда бағалауға бағытталған.
Панельдік сессия APRM қауымдастығының төрайымы Ақерке Берлібайдың жүргізуімен өтті.
*Анықтама: APRM – 2025 жылдың көктемінде құрылған қоғамдық бірлестік. Құрамында коммуникация, PR және медиа саласындағы 250-ден астам маман бар. Қауымдастық саланың кәсібилігін арттыруға, ашықтық пен этика қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған. Мүшелікке өтінім беру aprm.kz сайтында қолжетімді.
Байланыс үшін:
Электрондық пошта: aprm2025@gmail.com
Сайт: aprm.kz
Тел.: +7 775 463 9076