14.10.2025 15:33 • 124 просмотров
АСТАНА — 2025 жылдың 11 қазанында PR және медиа саласының кәсіби мамандары қауымдастығының (APRM) алғашқы жалпы жиналысы өтті. Іс-шараға қауымдастықтың 80-нен астам мүшесі қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары, ұлттық компаниялар және бизнес құрылымдардың PR-қызметі жетекшілері мен кеңесшілері, сондай-ақ БАҚ пен коммуникациялық агенттіктердің басшылары бар.
Жиналыс барысында Қауымдастық мүшелері APRM қызметінің дамуына бағытталған негізгі басымдықтарды айқындап, ашық дауыс беру нәтижесінде бес салалық комитет құрды:
1. Кәсіби құзыреттер және стандарттар жөніндегі комитет;
2. Коммуникациялар зерттеулері мен талдау жөніндегі комитет;
3. PR мамандығының мәртебесі мен беделі жөніндегі комитет;
4. Этикалық нормалар және өзін-өзі реттеу жөніндегі комитет;
5. Медиа және қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі комитет.
Комитеттердің жұмысы бүкіл ел бойынша стандарттарды, этикалық нормаларды, зерттеулерді және Қауымдастықты кәсіби тұрғыдан дамытуға негіз қалайды.
«APRM — бұл мамандықты дамытуға септігін тигізетін және саланың негізгі сын-қатерлеріне жауап беретін институт. Екі айдың ішінде мақұлданған 226 өтінім – бұл сенімнің айқын белгісі және нарықтың нақты қажеттілігінің дәлелі. Біз әртүрлі сектор мамандарының сұраныстарының ұқсас екенін көріп отырмыз, бұл таңдалған бағыттың дұрыс екенін білдіреді. Алғашқы жиналыс воркшоп форматында өтті — бұл қатысушыларды бастапқы күннен-ақ процесске белсенді тартуға және мұнда әркімнің өз дауысы бар екенін көрсетуге мүмкіндік берді», – деді APRM төрайымы Ақерке Берлібай.
Сонымен қатар жиналыс барысында Қауымдастық кеңесі құрылды. Оның құрамына APRM негізін қалаушылардың екі өкілі және жалпы жиналыс кезінде дауыс беру арқылы сайланған Қауымдастықтың бес мүшесі енді:
1. Ақерке Берлібай — теңқұрушы, Қауымдастық төрайымы, COMMUNIX агенттігінің бас директоры;
2. Елена Пак — теңқұрушы, Кеңес төрайымы, AIFC коммуникациялар және маркетинг жөніндегі бас директоры, басқарма мүшесі;
3. Айбек Смадияров — ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы;
4. Әсел Қожақова — «Red Point Kazakhstan» ЖШС негізін қалаушы және бас директоры;
5. Ербол Исмаилов — «Qarmet» АҚ ESG, стратегиялық коммуникациялар және корпоративтік мәдениет жөніндегі басқарушы директоры (Теміртау қаласы);
6. Мақсат Төлегенов — ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің басшысы;
7. Айна Задабек — «Qazcontent» АҚ басқарма төрайымы.
«Кеңес құрамына мемлекеттік және жеке секторлардың өкілдері, PR, HR және медиа салаларының тәжірибелі мамандары кірді. Бұл Қауымдастық шешімдерінің теңгерімді және жан-жақты болуын қамтамасыз етеді. Кеңес стратегиялық бағыттағы рөл атқарып, саланың даму басымдықтарын айқындайды, комитеттердің қызметін үйлестіреді және мемлекет пен қоғам алдында ортақ ұстанымды білдіреді. Басты мақсатымыз – мамандарды біріктірумен шектелмей, саланың беделі мен кәсіби стандарттарын жүйелі түрде нығайтуға мүмкіндік беретін тұрақты алаң құру», – деп атап өтті APRM кеңесінің төрайымы Елена Пак.
PR және медиа саласы мамандары қауымдастығы (APRM) – 2025 жылдың көктемінде құрылған қоғамдық бірлестік. Қазіргі таңда қауымдастық құрамында 226 мүше бар. Қауымдастыққа қосылуға өтінім беру aprm.kz сайтында қолжетімді.